Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7 8
Параллельные места
Содан соң Дәуіт патша: «Діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты қасыма шақырыңдар!» — деп әмір етті. Олар патшаның алдына келген соң, ол былай деп бұйырды:— Патша нөкерлерін ертіп алыңдар! Ұлым Сүлейменді өзімнің қашырыма мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап алып барыңдар. Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар екеуің оны май жағу рәсімінен өткізіп Исраилдің патшасы етіп тағайындаңдар! Мұнан кейін кернейлеріңді тартып, «Сүлеймен патша жасасын!» деп дауыстап жар салыңдар! Содан оған еріп өрлеп қайтып келіңдер. Ол сарайыма кіріп, менің тағыма отырып, өзімнің орныма патшалық құратын болсын. Мен оған Исраил мен Яһуданың үстінен басшы болуды өсиеттедім. — Сонда Еходай ұлы Бенаях патшаға:— Аумин. Патша иемнің Құдайы Жаратқан Иенің дегені болсын! Жаратқан Ие патша иеме жар болғандай, Ол Сүлейменге де жар бола берсін! Оның тағын патша ием Дәуіттің тағынан да жоғары қыла көрсін! — деп жауап берді. Содан соң діни қызметкер Садық, Натан пайғамбар, Еходай ұлы Бенаях және кереттік, пелеттік ұлан бөлімдері Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне ылдилап ертіп алып барды. Діни қызметкер Садық киелі шатырдан зәйтүн майына толған мүйіз құтыны алып келіп, Сүлейменге май жағу рәсімін жасап, оны патша етіп тағайындады. Кернейшілер керней тартып, сол жердегі күллі халық: «Сүлеймен патша жасасын!» — деп жар салды. Содан соң бүкіл халық оның соңынан еріп қалаға қайтып өрлеп бара жатты. Олар сыбызғы тартып, зор қуанышпен шаттанып, дауыстарынан жер сілкінгендей болды. Адониях пен оның жанындағы шақырылғандар қонақасыларын енді ғана бітірген кезде мұны олар да естіді. Жоғаб кернейлердің даусын естіп: «Қаладан шыққан бұл не айқай-шу?» — деп сұрады. Жоғаб осыны айта бергенде, діни қызметкер Абиятардың ұлы Жонатан келе қалды. Адониях оған:— Кел, сен өзің батыл адамсың, алып келген хабарың да жақсы болар! — деді. Ал Жонатан оған былай деп жауап берді:— Керісінше, тіпті де жақсы емес! Патша иеміз Дәуіт Сүлейменді патша етіп қойды! Патша онымен бірге діни қызметкер Садықты, Натан пайғамбарды, Еходай ұлы Бенаяхты, кереттік және пелеттік ұландарды жіберіп, олар Сүлейменді патшаның қашырына мінгізіп, Гихон бұлақ көзіне алып барды. Сол жерде діни қызметкер Садық пен Натан пайғамбар оған май жағу рәсімін жасап патша етіп тағайындапты. Содан олар зор қуанышпен мақтау айтып кері қайтты. Енді қала дүрлігіп соны тойлап жатыр. Өздеріңіз естіген айқай-шу солардікі. Сүлейменнің өзі қазір патшалық тақта отыр екен. Сонымен қатар патшаның нөкерлері патша иеміз Дәуітке кіріп, оны құттықтап былай депті: «Құдайыңыз Сүлейменді сіздің өзіңізден де атақты етіп, оның тағын сіздің тағыңыздан да жоғары қылсын!» Патша өзінің төсегінде иіліп тағзым етіп, «Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мадақталсын! Ол бүгін менің патшалық тағыма отыратынды тағайындап, маған соны өз көзіммен көруді бұйыртты» депті. Келесі күні жамағат Жаратқан Иеге арнап көптеген құрбандықтар шалып, солардың көбін түгелдей өртеп жіберді. Шалынған құрбандықтар: бір мың жас бұқа, бір мың қошқар, бір мың тоқты. Жамағат бүкіл Исраил халқы үшін сол құрбандықтарға қосылатын сұйық тартуларын да ұсынды, құрбандықтың басқа түрлерін де молынан әкеліп, шалды. Олар сол күні Жаратқан Иенің алдында ішіп-жеп, зор қуанышқа бөленді.Содан соң жамағат Дәуіттің ұлы Сүлейменді патша деп екінші рет жариялады. Оны Жаратқан Иенің алдында басшы ретінде, ал Садықты діни қызметкер ретінде бекітіп, екеуіне де май жағу рәсімін жасады. Осылайша Сүлеймен әкесі Дәуіттің орнына патша болып, Жаратқан Иенің халқының тағына отырды. Сүлеймен іс-әрекеттерінде табысты болып, бүкіл Исраил халқы оған мойынсұнды. Барлық басшылар мен батырлар әрі Дәуіт патшаның басқа ұлдарының бәрі де Сүлейменге мойынсұнуға қол берісіп ант етті. Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сион шаһарының қыз-келіншектері қандай менмен! Олар бастарын қақшитып, көздерін қылмыңдатып жүреді, қадамдарын кербездене басып, аяқтарындағы сылдырмақтарын сыңғыр-сыңғыр еткізеді». Жас жігіттің қызға үйленетініндей, сенің тұрғындарың өзіңмен тұрақты байланыс орнатады. Күйеу жігіттің қалыңдығына қуанатынындай, Құдайың да саған шаттанатын болады. «Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты.
Выбор основного перевода