Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
елден өздеріңе бірнеше қаланы біреуді абайсызда өлтіріп алған адам қашып барып, паналайтын бас сауғалау қаласы етіп белгілеңдер. Сол қалалар кісі өлтіріп алған адам бас сауғалайтын пана болады. Осылай ол жамағаттың алдында өз ісіне жауап беріп, үкімі кесілмес бұрын, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оны өлтіріп қоя алмайды. Өздеріңе алты қаланы бас сауғалау қаласы етіп тағайындаңдар. Оның үшеуі Иордан өзенінің шығыс жағында, үшеуі Қанахан елінің өзінде орналасатын болсын. Егер исраилдік не араларыңда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан жат жұрттық біреуді абайсызда өлтіріп алса, сол адам осы алты қаланың біреуіне қашып барып, бас сауғалай алады. Бірақ егер сол адам бір кісіні темір құралмен ұрып өлтірген болса, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Немесе, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай тас болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Не болмаса, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай ағаш бұйым болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны сондай адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. Егер біреу басқа кісіні өшіккеннен итеріп немесе арам ниетпен оған қарай бір нәрсені лақтырып жіберіп, ол содан өліп қалса, не болмаса анау өшігіп жұдырығымен соғып қалғаннан сол кісі өліп қалса, ондай адамды өлімге кесіңдер. Оның кісі өлтіруші екені анық. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны әлгі адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. Ал егер біреу басқа адамды өшіккендіктен емес, абайламай, ешбір арам ниетсіз итеріп немесе оған бір затты лақтырып жібергеннен сол кісі өліп қалса немесе адамды көрмей бір ауыр тасты абайсызда түсіріп алып, сол кісі өліп қалса және өлтірген адам оған жау болмаған, ешбір зияндық тілемеген болса, онда жамағат абайламай кісі өлтірген адам мен қаны төгілген адамның жазалаушы туысқанының арасында мына заң ережелері бойынша шешім қабылдасын. Жамағат абайсызда кісі өлтіргенді жазалаушының қолынан құтқарып алсын әрі оны бұрынырақ өзі бас сауғалап барған қаласына қайтарсын. Әлгі адамның тағайындалған бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қалада тұра беруі қажет. Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар. Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын. Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады. Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады. Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой. Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар! Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей, иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ. (Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер. Сонда Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде жазықсыз кісінің қаны төгілмейді де, соның кінәсі мойындарыңда болмайды да. «Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге Мұса арқылы бұйырғанымдай, өздеріңе бас сауғалау қалаларын белгілеңдер.
Выбор основного перевода