Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сол күн туғанда Тәңір Ие (ата-бабаларын Мысырдағы құлдықтан азат еткеніндей) тағы да құдіретті қолын алға созады. Оның халқының тірі қалғандары Ассурға, Төменгі мен Жоғарғы Мысырға, Құшқа, Елам мен Бабылға, Арамадағы Хаматқа және теңіз жағаларындағы алыс жерлер мен аралдарға шашырап кеткен еді. Енді Тәңір Ие оларды Өзіне қайтарады. Басқа халықтарға арнап туын көтергендей белгі беріп, Солтүстік Исраил мен Яһуда патшалықтарының жер аударылып, шашыраған халқын дүниенің төрт бұрышынан жинап, қайтарып әкелмек. Солтүстік Исраил елі енді қайтып Яһуданы күндемейді, Яһудаға қарсы жауласып келгендердің бәрі де ғайып болады. Бұдан былай Яһуда Солтүстік Исраилге қастық жасамайды. Керісінше, екеуі бірігіп батысқа қарай аттанып, қырат беткейімен құлдырап түсіп, філістірлерге шабуыл жасайды. Олар шығыстағы жау халықтардың олжаларын да иемденіп, Едом мен Моабқа билік құрады, Аммон да оларға мойынсұнады. Жаратқан Ие Мысыр теңізінің шығанағын құрғатып, жоқ қылады. Өзінің құдіретті қолын бұлғап, аңызақ желімен Евфрат өзенін де кептіріп тастайды: оның кісі жаяу өте алатындай таяз етіп жеті тармағын ғана қалдырады. Сонда Жаратқан Иенің халқының тірі қалғандарына Ассурдан шығатын даңғыл жол дайын тұрады. Бұл жайт олардың ата-бабаларының Мысыр елінен шыққан кезіндегідей болмақ. «Исраил халқын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын. Біліп қойыңдар, Мен оларды солтүстік елінен және жердің ең шалғай түкпірлерінен жинап алып келемін. Олардың арасында соқырлар мен ақсақтар, аяғы ауыр және жаңадан босанған әйелдер де болады. Сонда Исраилдің тірі қалғандары өте үлкен жамағат болып осында қайтады. Сол кездері Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы екеуі бірдей көз жастарын төгіп, Маған — өз Құдайлары Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып сиынады, — дейді Жаратқан Ие. — Яһуданың және Исраилдің адамдары тағы да бірігіп, өздеріне бір басшыны тағайындап алады. Олар (жер аударылған) елден қайтып келеді. Себебі (халық өз елін қайтадан қоныстанатын) «Ізрел күні» ұлы күн болады! Осылай Мен халқымның тамырларын өз елінде терең жайдырамын. Олар Өзім табыстаған елден енді қайтып жұлынып тасталмайды. Мұны Мен, Құдайың Жаратқан Ие, уәде етемін».
Выбор основного перевода