Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Иеремия
Параллельные места
Сонда пайғамбар Жаратқан Иенің өзіне бұйырған мына сөздерін құрбандық үстеліне қарсы қатты дауыстап айтты: «О, құрбандық үстелі, (жексұрын) құрбандық үстелі! Жаратқан Ие мынаны айтады: Дәуіттің әулетінен Жосия есімді біреу шығады. Қазір сенің үстіңде биіктеу жерлердегі табыну орындарының діни қызметкерлері құрбандықтар өртеп, хош иісті заттарды түтетіп жатыр. Бірақ Жосия осы діни қызметкерлердің өздерін сенің үстіңде құрбандық іспетті өртеп жібереді! Сонда үстіңде адамның сүйектері өртелетін болады! — Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының Ұзза бағы деп аталатын бағындағы қабірге қойылды. Манасаның ұлы Амон орнын басып патша болды. Ал елдің халқы Амон патшаға қастандық жасағандардың бәрінің көздерін құртып, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды. Жосия патша болған кезде жасы сегізде еді. Ол Иерусалимде отыз бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні босқаттық Адаях қызы Едида болды. Жосия Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеп, толығымен түп атасы Дәуіттің жолымен жүрді және мұнысынан не оңға, не солға таймады. Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы өзінің Шафан есімді хатшысын Жаратқан Иенің киелі үйіне жіберді. Шафан Мешуламның немересі, Асалияхтың ұлы болатын. Патша оған мына тапсырманы берді: «Бас діни қызметкер Хелкияға бар да, халық Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде әкелген және қақпа сақшылары жинап тапсырған күмісті санап шықсын деп айт. Жиналған күміс Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы жөндеу жұмыстарын басқаратындарға табысталсын. Бұлар одан ғимараттарды жөндеп жатқан жұмысшыларға: ағаш ұсталарына, құрылысшылар мен тас қалаушыларға жалақыларын төлесін. Олар, сондай-ақ, қаржының бір бөлігін ғибадатхананы жөндеуге қажетті ағаш және қашалған тас сатып алуға да жұмсасын. Қолдарына берілген сол қаржы жайында олардан есеп талап етудің керегі жоқ, себебі олар міндеттерін адал атқарады». Кейін бас діни қызметкер Хелкия Шафан хатшыға: «Мен Жаратқан Иенің киелі үйінен Таурат кітабын тауып алдым!» — деп хабарлап, кітапты Шафанға берді. Ал ол кітапты оқып шықты. Шафан хатшы патшаның алдына барып: «Сіздің қызметкерлеріңіз ғибадатханада сақталған күмісті шығарып, Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқаратындарға тапсырды, — деп баяндады. Шафан сөзін жалғастырып: — Діни қызметкер Хелкия маған бір шиыршық кітапты табыстады», — деді. Содан ол кітапты патша алдында дауыстап оқи бастады. Патша кітаптың мазмұнын естігенде, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты. Содан ол діни қызметкер Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға, Миқая ұлы Ахборға, хатшысы Шафанға және бас уәзірі Асаяхқа былай деп әмір етті: «Менің атымнан, халықтың және бүкіл Яһуда елінің атынан барып, табылған кітапта жазылған сөздер жөнінде Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп келіңдер! Аталарымыз осы кітаптың сөздерін орындамады, онда тапсырылғандардың бәрін істемеді. Сондықтан да Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізге қарсы лап етуде!» Сонда діни қызметкер Хелкия және Ахиқам, Ахбор, Шафан, Асаях барлығы Олдама пайғамбарға барды. Олдама киім қоймасының басқарушысы Шаллумның әйелі еді. Шаллум Тоқаттың ұлы, Хасраның немересі болды. Пайғамбар Иерусалимнің екінші ауданында тұрып жатты. Жіберілгендер Олдаманың алдына келіп, оған патшаның айтқандарын жеткізді. Олдама оларға жауап беріп былай деді: «Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің хабары мынау, сіздерді маған жіберген адамға былай деңіздер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы жерге және оның тұрғындарына пәле жіберемін! Яһуда патшасы оқыған кітапта айтылған жазалардың барлығын олардың бастарына түсіремін. Себебі олар Мені елемей тастап кетті, әрі бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп, өз қолдарымен жасаған тәңір мүсіндеріне табынып, әдейі Менің ашуымды туғызды. Менің қаһарым осы елге қарсы лаулап тұр, ол енді еш сөнбейді! Дегенмен сіздерді Жаратқан Иеден сұрауға жіберген Яһуда патшасына тағы былай деңіздер: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие сіз жаңа естіген сөздер туралы мынаны айтады: Сен менің осы жерге және оның тұрғындарына: «Ел қаңырап бос қалады, ал оның халқын басқалар балағаттап, қарғайтын болады!» деп шығарған үкімімді естігенде жүрегіңді қасарыстырмадың, керісінше, Маған мойынсұндың. Қатты қайғырып киімдеріңнің өңірін айыра жыртып, Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен саған құлақ салдым. Сонымен Жаратқан Ие былай деп шешті: Біліп қой, сол үшін Мен сені уақыты келгенде ата-бабаларыңның қасына аттандырып, мәйітіңнің қабірге құрметпен қойылуына жағдай жасаймын. Осылай сен Мен осы жерге жіберетін күллі пәлелерді көрмейсің!»Елшілер патшаға қайтып келіп, осы хабарды жеткізді. Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды. Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді. Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. Бүкіл халық та бұл Келісімге мойынсұнды. Бұдан соң патша бас діни қызметкер Хелкияға, дәрежесі одан кейінгі діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне: «Жаратқан Иенің ғибадатханасынан Бағалға, Ашераға, аспан денелерінің бүкіл тобына табынуға бағышталған күллі құрал-жабдықтарды алып шығыңдар!» — деп тапсырды. Жосия патша бұлардың барлығын Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайының егістіктерінде өртеп, күлін Бетел қаласына апарып тастады. Сонымен қатар ол Яһуданың бұрынғы патшалары Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы биіктеу жерлердегі табыну орындарында хош иісті заттарды түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастап, қырып-жойды. Олар Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздар мен басқа да бүкіл аспан денелеріне арнап хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын еді. Жосия Жаратқан Иенің киелі үйінен Ашераның ағаш бағанасын алып шығып, Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайына апарды. Сол жерде оны өртеп ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстінен шашып тастады. Патша Жаратқан Иенің ғибадатханасында азғындықпен айналысқан еркектердің күркелерін де бұзып тастады. Сол жерде бірнеше әйел Ашераға арналған жапқыштар тоқитын еді. Жосия Яһуданың қалаларынан барлық діни қызметкерлерді жинап алып келіп, олардың биіктеу жерлердегі хош иісті заттарды түтетіп келген табыну орындарының барлығын арамдады. Патша мұны Яһуда елі бойынша, Гебадан Бер-Шебаға дейінгі бүкіл аралықта істеді. Сондай-ақ, ол қала әкімі Ешуа салған қақпаның жанындағы биіктеу жерде тұрғызылған табыну орындарын да қиратты. Олар қаланың басты қақпасының сол жағында орналасқан болатын. Сол табыну орындарында қызмет еткен діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің Иерусалимдегі құрбандық үстелінде қызмет етуге рұқсат болмады, бірақ олар (леуілік) ағайындарымен бірге ашымаған нанды жейтін. Молох атты жалған тәңірге бұдан былай ешкімнің өз ұлын не қызын отқа өртеп құрбандыққа ұсына алмауы үшін Жосия патша Бен-Хенном аңғарындағы Топет атты табыну орнын да арамдады. Жосия Яһуданың бұрынғы патшалары күнге бағыштаған жылқы мүсіндерін де алып тастады. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасының ауласында қақпаға жақын, сарай қызметкері Натан-Мәліктің тұратын жерінің маңында орналасқан болатын. Күнге бағышталған күймелерді патша өртеткізіп жіберді. Ахаз патша кезінде тұрған сарайдағы жоғарғы бөлменің төбесіне Яһуда патшалары жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін орнатқан болатын. Манаса патша тіпті Жаратқан Иенің ғибадатханасының екі ауласында да сондай құрбандық үстелдерін тұрғызған еді. Бұларды Жосия патша енді күлпарша етіп талқандап, Қидрон сайына лақтырып тастады. Исраилдің патшасы Сүлеймен баяғыда Иерусалимнің шығысында, Азғындық тауының оңтүстігіндегі биіктеу жерлерде жексұрын тәңірлерге: Сидонның Астартасына, Моабтың Хамосына, Аммонның Молохына арнап табыну орындарын салған болатын. Жосия патша сол орындарды да арамдады. Жосия тас бағаналарды талқандап, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды шауып тастап, олар тұрған жерлерге өліктердің сүйектерін шашып (оларды арамдады). Жосия патша Солтүстік Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның Бетел қаласындағы биіктеу жерде тұрғызған табыну орнын да жойды, әрі сол жердегі құрбандық үстелі мен ғибадатхананы қиратып тастады. Соның тастарын талқандап, ұнтақтап жоқ қылды, Ашераның ағаш бағанасын да өртеп жіберді. Жосия айналасына қарағанда, төбе беткейіндегі қабірлерді көрді. Содан ол адамдарын жіберіп, қабірлерге қойылған діни қызметкерлердің сүйектерін шығартып алып, сол құрбандық үстелінің үстінде өртетті. Бұл баяғыда Жаратқан Иенің хабарын жеткізген Құдайдың пайғамбарының алдын ала айтқандарына сәйкес болды. Бұдан кейін Жосия патша:— Анау тұрған қандай ескерткіш тас? — деп сұрады. Сонда қаланың адамдары:— Бұл — Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қабірі. Сол пайғамбар ежелде-ақ өзіңіздің Бетелдегі мына құрбандық орнына қарсы бүгін істегендеріңіз туралы алдын ала дауыстап жариялап кеткен болатын, — деп жауап берді. Патша:— Ендеше оған тиіспеңдер! Оның сүйегін ешкім қозғамасын! — деп әмір етті. Осылайша оның және Самариядан келген пайғамбардың сүйектеріне ешбір қол тимеді. Жосия Бетелде істегендей, Солтүстік Исраилдің басқа қалаларының биіктеу жерлеріндегі барлық киелі үйлерді де қиратып тастады. Себебі Солтүстік Исраилдің патшалары соларды тұрғызулары арқылы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді. Жосия табыну орындарының барлық діни қызметкерлерін құрбандық үстелдерінің үстінде бауыздатып, осы үстелдердің бәрінде сол адамдардың сүйектерін өртетті.Содан соң патша Иерусалимге қайтып оралды. Жосия патша бүкіл халыққа: «Құдайларың Жаратқан Иеге арнап осы Келісім кітабында жазылғанға сай Құтқарылу мейрамын өткізіңдер!» — деп жарлық шығарды. Ежелде Исраилді билер басқарған уақыттан бері Солтүстік Исраил мен Яһудаға патшалар билік жүргізген барлық кезеңде Құтқарылу мейрамы ешқашан дәл осылай тойланған емес. Сонымен Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы Иерусалимде Жаратқан Иеге арналған осы Құтқарылу мейрамы өткізілді. Жосия патша Иерусалим қаласы мен бүкіл Яһуда елінен табылған аруақты не жынды шақыратын бақсы-балгерлерді, жалған тәңірлердің бейнелері мен мүсіндерін және басқа да жексұрын нәрселердің бәрін құртып, алып тастады. Жосия діни қызметкер Хелкияның Жаратқан Иенің киелі үйінде тапқан Таурат кітабында жазылған заңдарды орындау үшін осылай істеді. Жосия сияқты шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен Жаратқан Иеге бет бұрған және Оның Мұса арқылы берген Таурат заңына толығымен бағынған ешбір патша одан бұрын да болған емес, одан кейін де шыққан жоқ. Алайда Манаса патша кезінде істеген күллі зұлым істерімен Жаратқан Иенің қаһарын тым қатты өршіткен болатын. Тіпті Жосияның істеген әділ істерінен кейін де Жаратқан Иенің Яһуда еліне қарсы лаулаған қаһары басыла қоймады. Себебі Жаратқан Ие былай деп шешкен еді: «Мен Солтүстік Исраилді көз алдымнан аластатқанымдай, Яһуданы да дәл солай аластатамын. Өзім таңдап алған осы қала — Иерусалимді және Мен «осы жерде өз атымды орнатамын» деген киелі үйді елемей тастап кетемін». Жосияның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Жосия патшалық құрған кезде бірде Мысыр патшасы Нехо перғауын Ассур патшасын қолдау үшін Евфрат өзеніне қарай аттанды. Сонда Жосия патша перғауынға қарсы шықты. Бірақ ол перғауынның әскерімен Мегидо қаласының маңында болған шайқаста оқтан қаза тапты. Жоғастың қызметкерлері оның мәйітін күймемен Мегидодан Иерусалимге алып келіп, өзінің қабіріне қойды. Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды май жағу рәсімінен өткізіп әкесінің орнына патша етіп тағайындады. — Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар.
Выбор основного перевода