Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты. Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді. Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді. Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді. Саул:— Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол:— Мен сен қудалап жүрген Исамын! Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді. Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді. Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады. Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп:— Анани! — деді. Ол:— Тыңдап тұрмын, Ием! — деді. — Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр. Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз. Бірақ Анани:— Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым. Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді. Бірақ Иеміз оған:— Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім. Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді. Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып:— Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді. Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де, тамақ ішіп әлденді.Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды. Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады. Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті. Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты. Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты, алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді. Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді. Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады. Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді. Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді. Саул грекше сөйлейтін яһудилермен де айтысып, олар мұның көзін жоюға әрекеттенді. — Мен яһудимін, Кіликияның Тарс қаласында тудым, ал осы қалада өсіп, атақты Гамалиелден тыңғылықты тәлім алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздеріңіз сияқты Құдайдың құрметі үшін жан-тәніммен ұмтылдым. Сол жолға түскендерді өлгендерінше қудаладым, оларды еркек болсын, әйел болсын шынжырмен бұғаулап, түрмеге жапқыздым. Бұл ісіме бас діни қызметкер мен бүкіл Ақсақалдар кеңесі куә. Мен солардан тіпті Дамаскідегі бауырларымызға арналған хат алып, сондағыларды тұтқындап, Иерусалимге айдап әкеліп, жазалау үшін сол жаққа бардым. Жолда Дамаскіге жақындап қалғанда, түске жақын кенеттен көз қарықтырар нұр маған көктен сәулесін шашып жіберді. Содан жерге құлап түскенімде, маған: «Саул, Саул! Мені неге қудалайсың?» — деген дауысты естідім. «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Ол: «Мен сен қудалап жүрген назареттік Исамын», — деді. Қасымдағы серіктерім сәулені көрсе де, маған Сөйлегеннің даусын түсінбеді. Содан кейін мен: «Ием, не істеуім керек?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар! Сол жерде Менің саған істеуге белгілеп қойғанымды айтады», — деді. Жарқ еткен нұрлы салтанаттан көзім қарығып соқыр болып қалғандықтан, серіктерім мені қолымнан жетектеп жүрді. Осылайша Дамаскіге жеттім. Сол жерде Анани деген біреу қасыма келді. Өзі Таурат заңын мұқият ұстанатын, қаладағы барлық яһудилерге сыйлы кісі екен. Анани жақындап: «Саул бауырласым, көзің ашылсын!» — деді. Сол сәтте-ақ оны көрдім. Анани маған тағы былай деді: «Ата-бабаларымыздың Құдайы сені Өзінің еркін білсін, әділ Кісісін көріп, Соның аузынан шыққан сөзін естісін деп таңдап алған болатын. Өйткені сен барлық адамдарға көріп-естігенің туралы куә болып тұрасың. Енді нені тосып бөгеліп отырсың? Орныңнан тұрып, Иеміздің атын айтып сиынып, шомылдыру рәсімінен өтіп күнәларыңнан арыл!» — деді. Содан мен Иерусалимге қайтып келіп, ғибадатханада мінажат етіп тұрғанда, ерекше күйге еніп, Оны көрдім. Ол маған: «Тезірек Иерусалимнен кет, себебі олар сенің Мен туралы куәлігіңді қабылдамайды», — деді. Мен Оған: «Ием, Саған сенгендерді түрмеге жауып, мәжілісханаларда қамшылап соқтырған мен екенімді олар біледі. Сенің куәгерің Степанның қаны төгіліп жатқанда, мен оны өлтіргендерді жақтап, шапандарын күзетіп қастарында тұрдым ғой», — дедім. Ал Иеміз маған былай деді: «Жолға шық, мен сені алысқа жіберемін, басқа ұлттарға!» Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді. Себебі олар Мені Жібергенді танымайды. Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады. Бұдан бұрын Оған тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткеніммен, Иеміз маған қайырымды болды. Себебі менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім.
Выбор основного перевода