Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Осы нанды ешқашан ашытқымен пісіруге болмайды. Мен (Жаратқан Ие) оны Өзіме арнап өртелу арқылы ұсынылатын тартулардан олардың үлестері ретінде діни қызметкерлерге беремін. Күнәнің құнын өтейтін және айыпты өтейтін құрбандықтар сияқты бұл тарту да ерекше киелі. Һаронның барлық еркек кіндікті ұрпақтарының одан жеулеріне болады. Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын тартулардың барлығынан оларға әрдайым бұйырылған үлес осы болмақ. Онымен жанасқан әр нәрсе де Жаратқан Иеге бағышталып киелі болады. Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынған діни қызметкер оның етін жесін. Оны кездесу шатырының ауласындағы киелі орында жеуі керек. Діни қызметкерлердің отбасыларындағы әрбір ер адамның сол құрбандықтың етін жеуіне болады. Оны киелі орында жесін, ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ережесі қандай болса, айыпты өтейтін құрбандықтың ережесі де сондай: құрбандықтың еті адамның күнәсінің арамдығын тазартатын құрбандықты ұсынған діни қызметкерге тиісті. Діни қызметкер біреудің шалынып, өртелетін құрбандығын Жаратқан Иеге ұсынғанда, сол малдың терісі де діни қызметкерге тиесілі болады. Сол сияқты, тандырда, табада не жалпақ табада пісірілген әрбір астық тартуы Жаратқан Иеге ұсынылғанда, ол соны Жаратқан Иеге ұсынған діни қызметкерге тиісті болады. Май қосылған болсын не май қосылмаған құрғақ болсын, әрбір астық тартуы Һаронның ұлдарының барлығына бірдей тиесілі. Адамның Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандықтар мен тартулар ұсынуы жайлы нұсқаулар мыналар. Егер адам Жаратқан Иеге шүкіршілік ету үшін бір құрбандық әкелсе, онда ол сонымен бірге зәйтүн майы қосылған ашымаған нандар, ашымаған әрі майланған пәтір нандар және таңдаулы бидай ұнынан маймен жақсылап араластырылып пісірілген нандарды да қоса тартуы керек. Сол адам осы нандарымен және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығымен қоса ашытқымен пісірілген нандарды да тарту етсін. Осылардан ол Жаратқан Иеге арнап бір-бір наннан тарту етсін. Бұл нандар құрбандықтың қанын құрбандық үстеліне бүркіп шашқан діни қызметкерге тиесілі болады. Осылайша Мен исраилдіктердің Жаратқан Иеге алып келетін барлық киелі тартуларын тұрақты түрде сенің өзің мен ұл-қыздарыңа сыйладым. Бұл — өзіңе және отбасыңа арнап Жаратқан Ие жасаған ешқашан бұзылмауға тиіс Келісім».
Выбор основного перевода