Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
«Леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп алып, тазару рәсімінен өткіз. Оларды тазарту үшін былай істе: олардың үстіне тазарту суын бүркіп шаш. Олар денелеріндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, киімдерін жуып, өздерін осылайша тазартсын. Содан соң леуіліктер бір жас бұқаны және тиісті астық тартуын, яғни зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арналған екінші жас бұқаны әкелсін. Леуіліктерді кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жина. Леуіліктерді Жаратқан Иенің алдына алып келгенде, исраилдіктер олардың үстіне қолдарын қойсын. Содан Һарон леуіліктерді Исраил халқының Жаратқан Иеге жасаған ерекше тартуы ретінде Оған ұсынып, Оның қызметіне бағыштасын. Леуіліктер қолдарын екі жас бұқаның бастарына қойсын, содан кейін біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандық ретінде өздерін күнәларының арамдығынан тазарту үшін шалып, Жаратқан Иеге ұсынсын. Бұдан соң леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының алдына тұрғызып, оларды Жаратқан Иеге арналған ерекше тарту ретінде бағышта. Осылайша леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп ал. Леуіліктер Менің ерекше меншігім болады. Леуіліктерге тазару және Маған ерекше қызмет атқаруға бағышталғанын көрсететін рәсімдерді жасап болғаннан кейін олар кездесу шатырына барып, сол жердегі қызметтеріне кіріссін. Себебі исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдары Менікі, бірақ олардың орнына Мен Исраил халқының арасынан леуіліктерді Өзіме тұрақты қызмет етуге таңдап алдым. Мысыр елінің тұңғыштарына апат жіберген кезде Мен исраилдіктердің тұңғыштарын, адам болсын, мал болсын, Өзіме бағыштап таңдап алып қойғанмын. Сонда Мен леуіліктерді исраилдіктердің тұңғыштарының орнына Өзіме бағыштадым. Мен леуіліктерді діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмекші болсын деп тапсырдым. Содан леуіліктер исраилдіктердің күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандықтарын шалып, ұсынуға және олардың Жаратқан Иенің кездесу шатырында істеуге міндетті басқа жұмыстарын атқаруға тиіс. Өзге исраилдіктердің киелі орынға өз беттерімен жақындап келгендіктерінен бастарына апат түспеуі үшін осылай істедім». Содан да Мұса, Һарон және Исраил халқының бүкіл жамағаты леуіліктерді Жаратқан Иеге бағыштап, Оның леуіліктер туралы Мұсаға айтқан нұсқауларының барлығын мұқият орындады. Леуіліктер күнәларынан тазару рәсімінен өтіп, киімдерін жуды. Һарон оларды Жаратқан Иеге ерекше тарту ретінде ұсынып, оларды күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандық шалды. Осыдан бастап леуіліктер діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмектесіп, кездесу шатырындағы тиісті міндеттерін атқаруға кірісті. Осының барлығын леуіліктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы өздеріне берген нұсқауына сәйкес жасады. Содан кейін Жаратқан Ие Һаронға тіл қатып былай деді: «Егер киелі орынға қарсы бір күнә жасалатын болса, оған өзің де, ұрпақтарың да, арғы атаңнан шыққан бүкіл Леуі руы да жауапты боласыңдар. Ал діни қызметкердің қызметіне байланысты күнә үшін тек өзің мен ұрпақтарың ғана жауапты боласыңдар. Ағайындарың — арғы атаңнан шыққан Леуі руын қасыңа қосып ал. Олар өздеріңмен бірге болып, сендерге қызмет етсін. Бірақ Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың алдында қызметті тек өзің және ұрпақтарың ғана атқаратын боласыңдар. Леуіліктер сендерге қызмет етіп, киелі шатырға байланысты барлық міндеттерін атқаратын болсын. Алайда олар киелі шатырдағы құрал-жабдықтарға және құрбандық үстеліне жақындаушы болмасын, әйтпесе олар да, өздерің де өлесіңдер. Олар қасыңда болып, кездесу шатырын күзетіп, ондағы барлық міндеттерін орындасын. Ал бөтен ешкім сендерге жақындап келуші болмасын. Бұдан былай исраилдіктер қаһарыма ұшырамаулары үшін, сендердің киелі шатырдағы және құрбандық үстелінің алдындағы міндеттерді орындауларың керек. Мен леуіліктерді исраилдіктердің арасынан таңдап алдым. Олар сендерге көмекке беріліп, кездесу шатырындағы жұмыстарды орындау үшін Өзіме бағышталған. Ал құрбандық үстеліне және Киелі шатырдағы шымылдықтың артындағы (ең киелі орынға) байланысты қызметтерді тек сен және ұрпақтарың ғана орындайтын боласыңдар. Мен діни қызметкер болып сол міндетті атқаруды сендерге сыйлап отырмын. Ал киелі шатырдағы қызметті орындау үшін жақындап келген әрбір бөтен адам өлім құшады».
Выбор основного перевода