Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2
Параллельные места
Бабылдықтар тұтқындап алып кеткен Ехонияхтың ұрпақтары мыналар: өз ұлы Салатиел, Педаяхтың ұлдары: Зоробабел, Шимей. Зоробабелдің ұлдары: Мешулам, Хананиях, олардың әпке-қарындасы: Шеломит. Жаратқан Ие Яһуда елі мен Иерусалимнің халқын Набуходоносордың қолымен жер аударғанда Ехосадық та бірге кеткен болатын. Сонда Ехосадық ұлы Ешуа өзінің діни қызметкер ағайындарымен бірге және Салатиел ұлы Зоробабел өз ағайындарымен бірге Исраилдің сиынатын Құдайына арнап құрбандық үстелін сала бастады. Олар соның үстінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарды ұсынбақ болды. Бұл Құдайдың Өзі таңдаған адамы Мұса арқылы табыстаған Таурат заңында жазылған ережелерге сай өтуге тиіс еді. Сонымен Иерусалимде Құдайдың киелі үйінің құрылысы доғартылды. Ол парсы патшасы Дарийдің билік жүргізген екінші жылына дейін тоқтап тұрды. Сол кезеңде Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия пайғамбар Яһуда мен Иерусалимдегі яһудилерге Құдайдың хабарларын жеткізіп жүрді. Олар мұны Исраилдің үстінен билік құрған Құдайының атынан істеді. Сонда Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа қайтадан іске кірісіп, Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінің құрылысын жалғастырды. Құдайдың пайғамбарлары қастарында бірге болып, оларды қолдап жүрді. Сонда Дарий патша бұйрық беріп, Бабыл патшалығындағы қазына қоймаларында сақталған мұрағаттарға іздеу салғызды. Содан Мидия аймағының астанасы Екбатанадағы қорғаннан төмендегідей жазуы бар бір кітап табылды:«Ескерілуге тиісті құжат. Кир патша өзінің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйі туралы мына жарлықты шығарды: Сол ғимарат құрбандықтар шалынып ұсынылатын орын ретінде қайтадан салынсын. Оның негізі қаластырылып, үйдің биіктігі мен ені алпыс шынтақтан аспасын. Қашалған тастардан қаланған үш қатарға жаңа бөренелерден қаланған бір қатар келетін болуы керек. Шығындар патшаның есебінен төленсін. Сондай-ақ, Набуходоносор кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан олжалап, Бабылға әкеткен алтын-күміс бұйымдар Иерусалимге қайтарылып, ғибадатханадағы өз орындарына апарылсын. Сен оларды Құдайдың киелі үйіне сақтап қоясың». Сонымен Дарий патша мынадай бұйрық хат жолдады:«Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және сендердің қызметтестерің — сол өлкедегі қызметкерлер: сендер бұл мәселеге араласпаңдар! Құдайдың киелі үйінің құрылысына кедергі келтірмеңдер! Яһуди әміршісі мен ақсақалдарына Құдайдың осы үйін өзінің бұрынғы орнына қайта салуларына жол беріңдер! Бұған қоса яһудилердің ақсақалдарына Құдайдың үйін салуға көмек ретінде сендер істеуге тиісті нәрселер туралы бұйрық мынау:Жұмыс тоқтап қалмауы үшін олардың шығындары патшаның есебінен, яғни Батыс Евфрат өлкесінің патшаға төлейтін алым-салықтарының есебінен, толығымен өтелсін! Оларға керектінің бәрі: көктегі Құдайға арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар ұсыну үшін жас бұқалар, қошқарлар, тоқтылар, әрі Иерусалимдегі діни қызметкерлердің сұрағандарына сай астық, тұз, шарап және зәйтүн майы оларға ешбір кідіріссіз күн сайын беріліп отыратын болсын. Сонда олар көктегі Құдайға ұнамды құрбандықтарды шалып, патшаның және оның ұлдарының амандығы үшін сиынып дұға ете алады. Тағы мынаны әмір етемін: Кімде-кім осы жарлықты өзгертетін болса, оның үйінен бір бөрене суырылып алынсын. Бөрененің бір ұшы үшкірленіп, қылмыскердің денесі соған қадалсын. Ал оның үйі күл-қоқыстың үймегіне айналдырылсын. Осы жарлықты өзгертуге немесе Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйін қиратуға әрекет еткен әрбір патша не халықты өз есімін сол жерде орнатқан Құдай жазалай көрсін! Мен, Дарий патша, осы жарлықты шығардым. Жарлық мұқият жүзеге асырылсын!» Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері Дарий патшаның жарлығында айтылғандарды мұқият жүзеге асырды. Содан Яһуди ақсақалдары Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия оларға жеткізген Құдайдың хабарларынан жігер алып, құрылысты жалғастырып, табысты болды. Осылай олар Исраилдің Құдайының еркімен және парсы патшалары Кир, Дарий, Артақсерікстің жарлықтары бойынша киелі үйді қайта салып бітірді. Киелі үй Дарий патшаның билік құрған алтыншы жылының адар айының үшінші күні салынып бітті. Дарий билік құрған бүкіл патшалығына жүз жиырма аймақ әміршісін тағайындауды жөн көріп, онысын жүзеге асырды да. Дарийдің (парсы патшалығына билік жүргізген) екінші жылының сегізінші айында Жаратқан Ие Барақияхтың ұлы, Иддоның немересі Зәкәрия пайғамбарға сөзін арнап былай деді: Осы күміс пен алтыннан алып, тәж жасатып, оны бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаның басына кигіз.
Выбор основного перевода