Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сол себепті Жаратқан Ие оларға қарсы Ассур патшасының әскер басшыларын жіберді. Бұлар Манасаны қолға түсіріп, мұрындықтап, қола шынжырлармен кісендеп, Бабыл қаласына айдап алып кетті. Басына күн туғанда Манаса ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге жалбарынып, Оның алдында бас ұра күнәсін мойындап, мінажат етті. Жаратқан Ие жалбарынышына құлақ асып, оны Иерусалимге қайтарып, сонда қайтадан патша етіп қойды. Осыдан Жаратқан Иенің шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті. Мұнан кейін Манаса «Дәуіттің шаһарының» сыртқы қамал қабырғасын бұрынғыдан биік қылып қайта салды. Осы қабырға Гихон қайнар көзінің батыс жағында, сайдың бойымен Опел төбесін айналдыра Балық қақпасына дейін созылды. Патша Яһуданың барлық қамалды қалаларына да қолбасшылар тағайындады. Манаса бөтен тәңірлердің бейнелерін әрі Жаратқан Иенің киелі үйінде орнатылған жалған тәңірдің мүсінін де алып тастады. Сонымен қатар патша ғибадатхана салынған төбеде және бүкіл Иерусалим қаласында жалған тәңірлерге арнап тұрғызылған күллі құрбандық орындарын қиратып, қаладан шығарып тастады. Бұдан кейін ол Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелін қайтадан тұрғызып, оның үстінде ризашылық пен шүкірлік құрбандықтарын ұсынды. Манаса, сондай-ақ, Яһуданың халқына да түп атасы Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ғибадат етуге бұйырды. Бірақ халық құрбандықтарын енді Құдай Иесіне бағыштағанмен, оларын бұрынғысынша биіктеу жерлердегі табыну орындарында да шалып, ұсына берді. Манасаның қалған істері, оның Құдайына арнаған мінажаты, сондай-ақ, пайғамбарлардың Манасаға Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атынан айтқан сөздері «Исраил патшаларының тарихында» жазылған. Манасаның жалбарына мінажат еткені және онысына Құдайдың рақым етіп құлақ салғаны, әрі патшаның содан бұрын жасаған күнәлары мен опасыздығы туралы, жалған тәңірлерге арнап биіктеу жерлерде тұрғызған табыну орындары, Ашераға бағыштаған ағаш бағаналары және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндері — осылардың барлығы жайлы пайғамбарлардың жазбаларында баяндалған.
Выбор основного перевода