Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетті, әрі бөбекті оның бағушы әйелімен бірге бір ұйықтайтын бөлмеге жасырып қойды. Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозияхтың туған әпкесі болатын. Осылай Ехосабет немере інісі Жоғасты Аталиядан сақтап, өлімнен аман алып қалды. Жоғас Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы жетіде еді. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия болатын. Діни қызметкер Еходайдың тірі кезінде Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Еходай оған екі әйел таңдап алып берді. Жоғас олардан ұл-қыздар сүйді. Біраз уақыт өткеннен кейін Жоғас Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуден өткізуді ұйғарды. Патша леуіліктер мен діни қызметкерлерді жинап, оларға былай деп тапсырды: «Жыл сайын Яһуда елінің қалаларына шығып, Құдайдың киелі үйін жөндеп жаңартуға қажетті күмісті бүкіл Исраил халқынан жинаңдар! Осы істі тездетіп істеп келіңдер!» — деп тапсырды. Бірақ леуіліктер бұны дереу істеген жоқ. Содан патша діни қызметкер Еходайды қасына шақырып, оған былай деді: «Сендер жан басы салығын Яһуда мен Иерусалимнен жинауды леуіліктерден неге талап етпедіңдер? Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса ежелде осы салықты Келісімнің куәлігі сақталған киелі шатырға арнап Исраил халқынан жинауды белгілеген еді ғой». Зұлым Аталияның балалары Жаратқан Иенің киелі үйіне бұзып кіріп, одан тек Құдайға ғана бағышталған арнайы бұйымдарды алып кеткен еді. Оларды Бағал атты тәңірсымақтың мүсіндеріне табыну үшін қолданатын. Содан патша бұйрық беріп, ұсталарға бір жәшікті жасатып, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіретін қақпаның сырт жағына қойды. Мұнан кейін бүкіл Яһуда елі мен Иерусалим қаласында мынадай жарлық шықты: «Құдайдың қызметшісі Мұса Исраил халқына иен даланы кезіп жүрген заманда салған жан басы салығы Жаратқан Иеге арналып қайтадан әкелінсін!» Сонда күллі басшылар мен халық ризашылықпен жан басы салықтарын әкеліп, жәшікке салып, оны толтырып тастады. Жәшікте күміс көп жиналған сайын леуіліктер оны патша тағайындаған басқарушының кеңсесіне алып баратын. Сол жерге патшаның хатшысы және бас діни қызметкердің арнайы басқарушысы да келетін. Олар жәшікті бірге босатып, ғибадатханадағы өз орнына қайта апарып қоятын. Осыны күн сайын істеп, олар мол күміс жинады. Патша мен діни қызметкер осы күмісті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар соған ғибадатхананы жөндейтін тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын және темір, қоламен ғимаратты темір, қола тіректермен нығайтатын шеберлерді жалдап алды. Жұмысшылар жан сала еңбек етіп, іс алға басты. Олар Құдайдың киелі үйін бекітіп бұрынғы қалпына келтірді. Жұмыс аяқталғаннан кейін қалған күміс патша мен Еходайға әкелінді. Олар содан Жаратқан Иенің киелі үйіне қажетті құрал-жабдықтарды: қызмет өткізіп, құрбандықтарды шалып, өртеуге арналған бұйымдарды, алтын мен күмістен жасалған табақтар мен өзге де ыдыстарды жасатты. Еходайдың көзі тірі кезінің бәрінде Жаратқан Иенің киелі үйінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар тоқтаусыз ұсынылып отырды.
Выбор основного перевода