Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, бекінуге ыңғайлы ылдиға қарай кетті. Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, жан-жаққа жайылып тонады. Дәуіт Жаратқан Иеден:— Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:— Өрлеп шық! Мен філістірлерді ешбір шүбәсіз сенің қолыңа тапсырамын! Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге барып, оларды сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны өз жолындағының бәрін жайпайтынындай, Жаратқан Ие де алдымдағы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті. Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіт пен оның сарбаздары сол мүсіндерді бірге ала кетті. Ал філістірлер тағы да өрлеп келіп, Рефаим аңғарында шашырай орналасты. Дәуіт Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер! Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде қозғал! Бұл, Жаратқан Иенің філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді». Жаратқан Ие нені бұйырса, Дәуіт дәл солай істеп, філістірлерді Гибеоннан тіпті Гезерге дейін қырып-жойды. Дәуіт моабтықтарды да жеңді. Оларды жерге жатқызып, арқанмен өлшеді. Арқанның екі рет өлшеуімен алынғандар өлімге кесіліп, толық бір рет өлшеумен алынғандар тірі қалды. Сонымен моабтықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. Бірде Дәуіт Евфрат өзенінің жағасындағы билігін қалпына келтіруге аттанып, Соба елінің патшасы Рехоб ұлы Ададәзерге шабуыл жасап, оны жеңіп шықты. Содан ол аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, өз басына киді. Тәж ат басындай саф алтыннан жасалып, асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт Рабба қаласынан өте көп мөлшерде олжа алып шықты.
Выбор основного перевода