Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Бірақ перғауын бұршақ пен жаңбырдың әрі күннің күркіреуінің тыйылғанын көргенде, күнә жасауын әрі қарай жалғастырып, өзі де, нөкерлері де жүректерін қасарыстырып алды. Халық Мұсаға ұрсып:— Бізге су тауып беріңдер! — деп талап етті. Мұса оларға:— Сендер неге маған ұрсасыңдар? Жаратқан Иеге сенбеушілік танытып, Оны еркінсіп сынамақсыңдар ма? — деп жауап берді. Алайда халық шөлдегендіктен Мұсаға қарсы наразылық білдіруін қоймай:— Бізді Мысырдан неге алып шықтың? Өзімізді, балаларымызды, мал-жандарымызды шөлден қатыру үшін бе? — деп шағымданды. Мұса Жаратқан Иеге қатты дауыстап сиынып:— Мына халықты не істесем екен? Олар мені таспен атқылап өлтірудің аз-ақ алдында тұр, — деді. Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып:— Өзіңе Исраилдің рубасыларының бірнешеуін ертіп алып, жұртты бастап, Нілдің суын сабаған таяғыңды қолыңа ұстай жүр. Мен Хориб тауындағы анау жартастың басында сенің қасыңда тұрамын. Жартасты таяғыңмен соққанда ішінен халық ішетін су шықпақ, — деді. Мұса Исраил халқының рубасыларының көзінше солай істегенде су аға жөнелді. Кейін Мұса бұл жерді Маса («Еркінсіп сынау») және Меріба («Ұрсу») деп атады. Өйткені исраилдіктер сонда оған ұрсып, «Жаратқан Ие арамызда жүр ме, жоқ па» деп Тәңір Иені еркінсіп сынаған еді. Ал қауымның ішетін сулары болмай, олар Мұса мен Һаронға қарсы бас қосты. Олар Мұсаға қатты наразы болып былай деді: «Ағайындарымыз Жаратқан Иенің алдында өлген кезде біздің де өліп қалғанымыз игі болар еді! Бізді — Жаратқан Иенің қауымын неге осы иен далаға бастап алып келдіңдер? Өзіміз бен малымыздың қырылуы үшін бе?! Бізді Мысыр елінен шығарып, мына қу медиенге неге алып келдіңдер? Мұнда астық шықпайды, інжір, жүзім, анар дегендерің өспейді! Тіпті ішетін су да жоқ!» Осы сөздерді естігенде Мұса мен Һарон бас қосқан халықтан бөлініп шығып, кездесу шатырының кіреберісіне барып, сол жерде етпеттерінен жата кетті. Сонда оларға Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді. Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Әлгі таяқты қолыңа алып, ағаң Һарон екеуің бүкіл қауымды жинаңдар. Олардың көз алдында мына жартасқа бұйыра сөйлеңдер! Сонда ол сендерге ішінен суын ағызады. Осылайша сен жартастан су ағызып шығарып, халықтың да, малының да шөлін қандыратын боласың». Мұса Жаратқан Иенің нұсқауы бойынша Оның алдында сақтаулы тұрған таяқты қолына алды. Һарон екеуі бүкіл жамағатты жартастың алдына жинады. Мұса оларға: «Уа, бағынбайтын қыңырлар, құлақ салыңдар! Сендерге осы жартастан су ағызайық па?» — деп дауыстады. Содан кейін Мұса қолын көтеріп, жартасты екі рет таяғымен соғып қалды. Сонда одан су молынан сарқырап аға жөнелді. Бүкіл жамағат та, малдары да ішіп, шөлдерін қандырды. Бірақ Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: «Маған жете сенбей, Исраилдің үрім-бұтағының алдында Менің киелі екенімді көрсетпедіңдер. Сондықтан екеуің осы қауымды Өзім оларға табыстап отырған елге алып бармайсыңдар!» Бұл жер Меріба (Ұрсу) суы деп аталып кетті. Себебі Исраилдің үрім-бұтағы сол жерде Жаратқан Иеге ұрсып, Ол Өзінің киелі екенін көрсетті. (Уа, Исраил,) Масада істегеніңдей, Құдай Иеңді еркінсіп сынама! Бір кездегі мысырлықтар мен перғауын сияқты жүректеріңді қасарыстырмай-ақ қойыңдар! Жаратқан Ие өздеріне құдіретін көрсеткен соң олар исраилдіктерді босатып жіберуге мәжбүр болды емес пе?!
Выбор основного перевода