Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
«Енді Сидонның маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын». Ілияс Сарепта қаласына жол жүріп, қаланың қақпасына жете бергенде, сол жерде отын жинап жүрген бір жесір әйел көзіне түсті. Ол сол әйелге тіл қатып:— Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші, — деп сұрады. Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап:— Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен, — деп өтінді. Сонда әйел:— Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды, — деп жауап берді. Ілияс оған былай деді:— Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз. Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды! Жесір әйел үйіне кетіп, Ілиястың айтқанындай істеді. Осылайша ол да, әйел де, оның ұлы да тамақтанып жүрді. Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады. Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды. Сонда әйел Ілиясқа тіл қатып былай деді:— Уа, Құдайдың жіберген адамы, менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз? — Ілияс оған:— Маған ұлыңызды алып келіңізші! — деп жауап берді. Содан ол шешесінің қолынан баласының мәйітін алып, өзі тұрып жатқан жоғарғы бөлмеге апарып, төсегіне жатқызды. Пайғамбар Жаратқан Иеге дауыстап мінажат етіп былай деді: «Уа, Құдайым Жаратқан Ие! Маған пана берген мына әйелдің басына Сен тіпті қайғы түсіріп, баласынан айырып отырсың ғой! — Содан соң ол өлі баланың үстіне үш рет созылып жатып: — Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!» — деп сиынды. Жаратқан Ие Ілиястың мінажатына құлақ асты. Балаға жан бітіп, ол қайтадан тірілді. Ілияс баланы ұстап көтеріп алып, жоғарғы бөлмеден түсіп, үйдің ішіне алып келді. Оны шешесіне табыстап тұрып:— Міне, ұлыңыз тірі! — деді. Сонда әйел Ілияс пайғамбарға:— Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр! — деді. Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды. Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді. Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды. Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты. Кейін ол қызметшісі Гехәзиге: «Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді. Еліше қызметшісіне былай деді:— Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел:— Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді. Кейін Еліше қызметшісінен:— Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи:— Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді. Сонда пайғамбар:— Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды. Еліше:— Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел:— Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді. Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен) әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды. Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды. Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды. Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды. Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті. Әйел күйеуін шақырып алып, одан:— Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді. Күйеуі одан:— Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған:— Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді. Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды. Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр! Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді. Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді. Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты. Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды. Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды. Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді. Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді. Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады. Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты. Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді. Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті.
Выбор основного перевода