Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7
Параллельные места
Кейінірек Жаратқан Ие Ұзияхты (еркінсіп жасаған күнәсі үшін) жазалап алапес ауруын жіберді. Ұзиях өмірінің соңына дейін алапес болып ауырған күйі қала беріп, жеке үйде тұрды. Патшаның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді. Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы соларға жақын қабірге қойылды. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған екінші жылы Ұзиях ұлы Жотам Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын. Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. Ал Жотам патша Жаратқан Иенің киелі үйінің Жоғарғы қақпасын қайта салғызды. Жотамның қалған істерінің бәрі туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Оның патшалық құрған заманында Жаратқан Ие Араманың патшасы Ресинді және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахты Яһуда еліне қарсы аттандырып, шабуыл жасата бастады. Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына түп атасы Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады. Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр. Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» — Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді. Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады. Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді. Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды. Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды. Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды. Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ». Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады. Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты. Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды. Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Ила ұлы Ошия патшалық құрған үшінші жылы Ахаз ұлы Езекия Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Аби болатын. Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып, жалған тәңірлерге бағышталған тас бағаналарды талқандап, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастады. Езекия, сондай-ақ, ежелде Мұса пайғамбар мыстан жасаған жыланды да күлпарша етіп талқандады. Өйткені сол уақытқа дейін Исраил халқы Нехуштан деп атаған сол мүсінге арнап хош иісті заттарды түтетіп келген еді. Езекия Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шынайы сенім артты. Езекиядан бұрын Яһуда елінің ол сияқты патшасы болған емес, одан кейін де болған жоқ. Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады, әрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған күллі өсиеттерін мұқият орындай берді. Содан Жаратқан Ие онымен бірге жүріп жар болды. Езекия қандай іске кіріссе де, парасатпен шұғылданып, табысқа жетіп отырды. Ол тіпті Ассур патшасының билігіне қарсы шығып, оған қызмет етуден бас тартты. Езекия філістірлерге Газа мен оның маңайына дейін соққы беріп, олардың күзет мұнараларынан бастап, қамалды қалаларына дейін бүкіл елін басып алды. Езекияның патшалық құрған төртінші жылы, яғни Ила ұлы Ошияның Солтүстік Исраилге патшалық құрған жетінші жылы, Ассур патшасы Салманасар (Солтүстік Исраилдің астанасы) Самарияға қарсы аттанып, оны қоршап алды. Үш жылғы қоршаудан кейін жау Самарияға басып кірді. Бұл Езекияның патшалық құрған алтыншы, Ошияның тоғызыншы жылы болды. Ассур патшасы Солтүстік Исраилдің халқын Ассурға жер аударып әкетіп, оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды. Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да. Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды. Сонда Яһуда патшасы Езекия Лахыш қаласында тұрған Ассур патшасына: «Мен дұрыс істемедім. Маған шабуыл жасаудан бас тарта көріңіз. Қанша айып талап етсеңіз, соншасын төлеймін», — деген сәлемін жіберді. Ассур патшасы Яһуда патшасы Езекиядан үш жүз ат басындай күміс және отыз ат басындай алтын беруін талап етті. Езекия оған Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайының қазына қоймаларындағы барлық күмісті беріп жіберді. Ол, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінде өзі бұрынырақ алтынмен қаптатқан есіктер мен жақтаулардағы алтынды да сыдырып алып, Ассур патшасына табыс етті. Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас қолбасшысын, бас нөкерін және бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Олар қалаға өрлеп аттанып, Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады. Ассурлық елшілер Езекия патшаны шақырды. Сонда патшаның сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, олардың алдына келді. Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді:— Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ұлы патша — Ассур патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің? «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?! Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді. Мұнда Амос ұлы Ишая пайғамбардың Яһуда елі мен астанасы Иерусалим туралы көрген көріністерінде Құдайдан алған хабарлары берілген. Пайғамбар оларды Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде көрді. — Яһуда патшасы Езекияның заманында морешеттік Миха пайғамбар Құдайдың хабарын жеткізіп бүкіл Яһуда халқына былай деген болатын: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим — тас үйіндіге, қазір ғибадатхана тұрған төбе — ну орманды қыратқа айналады!» Мұнда Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия, әрі Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған кезеңдерде Жаратқан Иенің Бегери ұлы Ошияға арнаған сөздері берілген.
1 2 3 4 5 6 7
Выбор основного перевода