Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Керісінше, Құдай Иеге Өзінің есімі құрметтелетін жер бетіндегі тұрағы болуға сендердің күллі руларыңның арасынан бір орынды таңдап алатын болады. Оған сиынып ғибадат етуге сол жерге баруларың қажет. Құдайға арнап өртелетін құрбандықтарың мен сый-тартуларыңды, өнімнің он бөлігінің бірін әрі арнайы, не беруге серт еткен, не өз еріктеріңмен ұсынған сый-тартуларыңды, сондай-ақ малдарыңның тұңғыш төлдерін де сол жерге алып барыңдар! Құрбандық асын отбасыларыңмен бірге сол жерде Құдай Иеміздің алдында ішіп-жеңдер. Осылайша қол тигізген барлық істеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің жарылқауымен жемісті болғанын тойлап шаттаныңдар. Бүгін біздің істегеніміздей, болашақта әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істемесін. Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлайтын орынға, өздеріңнің меншікті жерлеріңе әлі жеткен жоқсыңдар. Ал сендер Иордан өзенінен өтіп, Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елде қоныстанған кезде Ол қауіпсіздікте тұруларың үшін сендерге айналадағы жауларыңның бәрінен қорғап, тыныштық сыйлайтын болады. Содан соң Құдайларың Жаратқан Ие өз есімін орнату үшін қандай жерді таңдап алса, сол жерге мен сендерге тапсырып отырған нәрселердің бәрін әкеліңдер: өртелетін сый-тартуларыңды, шалынып өртелетін құрбандықтарыңды, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін, арнайы тартуларыңды және өздерің Жаратқан Иеге ант етіп бағыштаған бағалы заттарыңды алып келіңдер! Сол жерде өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және қалаларыңда тұрып жатқан, мұралық меншікке жер үлесі бөлінбеген леуіліктер, бәрің бірге Құдайларың Жаратқан Иенің алдында қуана тойлаңдар. Өртелетін құрбандықтарыңды өздерің қалаған әр жерде шалып, өртеуден сақ болыңдар! Тек Жаратқан Ие руларыңның арасынан тағайындаған орында ғана құрбандықтарды шалып, мен өздеріңе тапсырған ережелердің бәрін орындаңдар! Бірақ өз елді мекендеріңнің кез келген жерінде малдарыңды азыққа сойып, етін Құдай Иенің берген жарылқауына сай қалағандарыңша жеулеріңе болады. Аң аулап, соғып алған елік немесе бұғының еті іспетті сол етті де Жаратқан Иенің құрбандық орнына апармай-ақ жей аласыңдар. Алайда оның қанын ішіп-жемеңдер, оны су іспетті жерге төгіп тастаңдар! Ал жиналған астықтың, жүзім шырынының және зәйтүн майының (Жаратқан Иеге тиісті) он бөлігінің бірін, малдарыңның алғашқы төлдерін, сондай-ақ Жаратқан Иеге ұсынуға серт еткен не өз еркіңмен ұсынып жатқан немесе арнайы берген сый-тартуларыңды да өздерің тұрып жатқан елді мекендеріңде жеулеріңе болмайды. Керісінше, бұларды Құдайларың Жаратқан Ие тағайындайтын орында Оның алдында өздерің, ұл-қыздарың, қызметшілерің және елді мекендеріңде бірге тұратын леуіліктер, бәрің бірге ішіп-жеңдер. Осылайша қолға алған барлық істеріңнің жемісті болғанына қуанып Құдай Иелеріңнің алдында тойлаңдар. Елде тұрып жатқан уақыттың барлығында леуіліктерді қамқорлықсыз қалдырмаңдар! Құдайларың Жаратқан Ие жерлеріңді өз уәдесіне сай кеңейтіп берген соң, етке аңсарларың ауғанда оны қанша жегілерің келсе, сонша жей аласыңдар. Егер Құдай Ие өз есімін орнатуға тағайындайтын орын сендердің тұратын жерлеріңнен тым алыс болса, онда өздеріңе өсиет еткенімдей, Жаратқан Иенің жарылқауымен өскен малдарыңнан бір малды сойып, етін елді мекендеріңде қалағандарыңша жеулеріңе болады. Әрине, Мұса арқылы Таурат заңы берілгенге дейін де дүниеде күнә болған. Ал заң жоқ жерде күнәлар адамның мойнына артылмайды.
Выбор основного перевода