Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Алайда егер оны ешқандай арам ниетсіз, Құдайдың жол беруімен істеген болса, онда ол Өзім белгілейтін бас сауғалау жеріне қашсын. Леуіліктерге тұруға берілетін қалалардың алтауы абайсызда кісі өлтіріп алған адамдарға арналған бас сауғалау қалалары болуға тиіс. Соған қоса леуіліктерге тағы қырық екі қала беріңдер. Ал барлығы леуіліктерге жайылым жерлерімен қоса қырық сегіз қала берулерің керек. Леуіліктерге қалаларын белгілеп бергенде, үлкенірек жер үлесін алған руларың қаланы көбірек, кішірек үлес алған руларың азырақ берсін. Демек, рулардың беретін қалаларының саны әрқайсысының алған мұралық жер үлесінің аумағына сай болсын». Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан еліне кіргеннен кейін, елден өздеріңе бірнеше қаланы біреуді абайсызда өлтіріп алған адам қашып барып, паналайтын бас сауғалау қаласы етіп белгілеңдер. Сол қалалар кісі өлтіріп алған адам бас сауғалайтын пана болады. Осылай ол жамағаттың алдында өз ісіне жауап беріп, үкімі кесілмес бұрын, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оны өлтіріп қоя алмайды. Өздеріңе алты қаланы бас сауғалау қаласы етіп тағайындаңдар. Оның үшеуі Иордан өзенінің шығыс жағында, үшеуі Қанахан елінің өзінде орналасатын болсын. Егер исраилдік не араларыңда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан жат жұрттық біреуді абайсызда өлтіріп алса, сол адам осы алты қаланың біреуіне қашып барып, бас сауғалай алады. Бірақ егер сол адам бір кісіні темір құралмен ұрып өлтірген болса, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Немесе, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай тас болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Не болмаса, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай ағаш бұйым болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны сондай адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. Егер біреу басқа кісіні өшіккеннен итеріп немесе арам ниетпен оған қарай бір нәрсені лақтырып жіберіп, ол содан өліп қалса, не болмаса анау өшігіп жұдырығымен соғып қалғаннан сол кісі өліп қалса, ондай адамды өлімге кесіңдер. Оның кісі өлтіруші екені анық. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны әлгі адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын. Ал егер біреу басқа адамды өшіккендіктен емес, абайламай, ешбір арам ниетсіз итеріп немесе оған бір затты лақтырып жібергеннен сол кісі өліп қалса немесе адамды көрмей бір ауыр тасты абайсызда түсіріп алып, сол кісі өліп қалса және өлтірген адам оған жау болмаған, ешбір зияндық тілемеген болса, онда жамағат абайламай кісі өлтірген адам мен қаны төгілген адамның жазалаушы туысқанының арасында мына заң ережелері бойынша шешім қабылдасын. Жамағат абайсызда кісі өлтіргенді жазалаушының қолынан құтқарып алсын әрі оны бұрынырақ өзі бас сауғалап барған қаласына қайтарсын. Әлгі адамның тағайындалған бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қалада тұра беруі қажет. Ал егер кісі өлтірген адам бас сауғалау қаласынан өзге бір жаққа шықса, әрі қаны төгілген адамның жазалаушы туысқаны оны сол қаланың сыртында ұстап алып, өлтірсе, онда жаза тартқызған туысқанға сонысы үшін еш айып тағылмайды. Себебі абайсызда кісі өлтірген адам бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қаладан шықпауға тиіс. Тек бас діни қызметкер қайтыс болғаннан кейін ғана кісі өлтірген адамның өзінің меншікті жеріне қайтуына болады. Өздерің мен барлық келер ұрпақтарың болашақта қай жерде тұрсаңдар да, сендер орындауға тиісті заң ережелері, міне, осылар. Біреуді әдейі өлтірген адамды тек куәгерлердің айтқандары бойынша ғана өлімге кесу керек. Жалғыз бір ғана адамның куәлігі кісі өлтіргенді әшкерелеп, өлімге кесуге жеткіліксіз. Қасақана кісі өлтіріп, өлім жазасына лайықты адамға құн төлетіп, жанын аман сақтап қалуына жол бермеңдер! Ондай қылмыскерге міндетті түрде өлім жазасын тартқызу керек. Бас сауғалау қаласына қашып барған адамға да бас діни қызметкер қайтыс болмай тұрып, құн төлетіп, өз мекеніне қайтуына жол бермеңдер! Осы арқылы сендер өздерің тұрып жатқан елді арамданудан сақтайсыңдар. Себебі өлтірілген кісінің төгілген қаны елді арамдайды. Оны өлтірген адамның өз қаны төгілмей, төгілген қаннан арамданған елді тазартуға болмайды. Сондай-ақ, ешқайсың өздерің мекендеген және Мен Өзім мекендеген елді еш арамдамаңдар! Себебі Мен, Жаратқан Ие, Исраил халқының арасында бірге тұратын боламын. Мұнан кейін Мұса Иордан өзенінің шығыс жағынан үш қаланы бөліп, белгілеп қойды. Бұрын өшікпеген біреуді абайсызда өлтіріп алған адам сонда қашып барып, бас сауғалай алатын болды. Сол қалалар мыналар: Рубен руына үлестірілген жонды даладағы Бесер қаласы, Ғад руының Ғилақад аймағындағы Рамот қаласы, Манаса руының Башан аймағындағы Ғолан қаласы. Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар. Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын. Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады. Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады. Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой. Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар! Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей, иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ. (Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер.
Выбор основного перевода