Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді: — Исраил халқына мынаны айтыңдар: Жер бетіндегі бар хайуандардың ішінен мыналарды жеулеріңе болады: Тұяғы екіге бөлінген ашатұяқты әрі күйіс қайыратын барлық хайуандардың етін жеулеріңе болады. Бірақ күйіс қайыратын немесе ашатұяқты хайуандар арасынан мыналардың етін тамаққа пайдалануға болмайды: түйе күйіс қайырса да, тұяқтары екіге бөлінген аша емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам. Майбасар күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам. Қоян күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, оның еті сендер үшін арам. Ал шошқа тұяғы екіге бөлінген, ашатұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды, сондықтан да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. Ондайлар сендер үшін арам. Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары болса, соларды азық етулеріңе болады. Олар қай суда болмасын, теңізде болсын, өзенде болсын, жеулеріңе болады. Бірақ теңізде не өзенде құжынап жүзіп жүретін және суды мекендейтін басқа да мақұлықтардың қайсысында қанаттары мен қабыршақтары болмаса, оларды жеуге болмайтын, жиренішті деп санаңдар! Олар сендер үшін жиренішті болғандықтан, етін жемей, өліктерінен де жеркенулерің керек. Суды мекендейтін, қабыршақтары мен қанаттары жоқ кез келген мақұлық сендер үшін жиренішті. Бірқатар құстарды да жиренішті деп біліңдер, соларды жеулеріңе болмайды. Олар: бүркіт, күшіген, тазқара, қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрықтың кез келген түрі, қарғаның кез келген түрі, түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрі, байғыз, суқұзғын, құлақты жапалақ, ақ үкі, бірқазан, тұйғын, ләйлек, құтанның кез келген түрі, бәбісек және жарқанат. Аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті. Барлық қанаттарымен ұшып, аяқтарымен жер басып жүретіндердің арасындағы тек сирақтары ұзын, секіре алатындарын ғана азық етулеріңе болады. Олар: шегіртке, шекшек шегіртке, қара шегіртке, саяқ шегіртке және бұлардың барлық түрлері. Алайда аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті. Осы жәндіктер адамды арамдайды. Олардың өліктерімен жанасқан адам кешке дейін арам болып саналады. Кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арам болып саналады. Тұяғы толықтай емес, аздап қана бөлінген немесе күйіс қайырмайтын кез келген хайуан сендер үшін арам. Ондаймен жанасқан әркім арамданады. Тұяғы жоқ, төрт аяқтап табанымен жүретін барлық хайуандар сендер үшін арам. Кімде-кім сондай жануардың өлігімен жанасса, сол кешке дейін арам болып саналады. Кімде-кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арамданған болып саналады. Ондай хайуандар сендер үшін арам. Жер бетінде құжынаған мыналар да сендер үшін арам: көртышқан, тышқан, ешкіемердің кез келген түрі, тағы да жармасқы кесіртке, келес, кәдімгі кесіртке, дала кесірткесі және құбылғы. Жер бетіндегі бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардың ішіндегі арамдары — осылар. Олардың өліктерімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады. Діни қызметкерлер Менің халқыма киелі мен киелі емес жай нәрселерді бір-бірінен ажыратуды үйретіп, оларға арам мен адалды қалай айыруды көрсетсін.
Выбор основного перевода