Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Алайда патшаның соғыс күймелерінің жартысына басшылық ететін Зімри есімді қызметкері Илаға қарсы қастандық дайындады. Бір күні Ила патша Тирса қаласында сарай басқарушысы Арсаның үйінде көңіл көтеріп мас болып отырды. Сонда Зімри үйге кіріп келіп, Иланы семсерімен шауып өлтіріп, орнына өзі патша болып алды. Бұл оқиға Асаның Яһуда еліне патшалық құрған жиырма жетінші жылы орын алды. Таққа отыра салысымен Зімри Бағасаның әулетінің барлық мүшелерінің көзін құртты. Ол тіпті Бағасаның тума-туыстары мен дос-жарандарының арасынан да бірде-бір еркек кіндіктіні тірі қалдырмады. Сонысымен Зімри Жаратқан Иенің Еху пайғамбар арқылы Бағасаға қарсы айтқан сөздеріне сай оның бүкіл әулетін қырып тастады. Себебі Бағаса мен оның ұлы Ила жасаған барлық күнәларымен және өздерінің түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып, Исраил халқын да осы күнәға еліктіргендерімен Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді. Иланың қалған іс-әрекеттерінің барлығы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Яһудаға Аса патшалық құрған жиырма жетінші жылы Зімри жеті күн-ақ Тирса қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Сол кезде Солтүстік Исраилдің жасағы філістірлердің Гибетон қаласын қоршап алып, қостарын тігіп, сонда жатты. Жасақшылар Зімридің патшаға қастандық жасап, оны өлтіргенін естігенде, олар өздерінің қолбасшысы Омриды сол күні-ақ әскер қосында Исраилдің патшасы етіп жариялады. Омри және қасындағы жасақшылар Гибетоннан елдің астанасы Тирсаға аттанып, қаланы қоршауға алды. Олардың қаланы қолға түсіргеніне көзі жеткенде, Зімри сарайдың ішкі қорғанына кіріп алып, ғимаратқа от қойып, өртеніп өлді. Бұл оның жасаған күнәлары үшін осылай болды, себебі ол да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп Еробоғамның теріс жолымен жүріп, оның жасаған күнәларына Исраил халқын да еліктірген еді. Зімридің қалған іс-әрекеттері, соның ішінде оның жасаған қастандығы жайлы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
Выбор основного перевода