Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Содан Жаратқан Ие Дәуітке Натан пайғамбарды жіберді. Ол патшаға келіп, былай деді:— Бір қалада екі адам болды. Біреуі бай, біреуі кедей екен. Байдың малы көп болды, ал кедейдің сатып алған бір кішкентай қозысынан басқа түгі де болмады. Кедей соны бағып-қағып, қозы көз алдында балаларымен бірге өсті. Әлгі қозы қожайынының барлы-жоқты тамағын бөлісіп жеп, оның тостағанынан су ішіп, кеудесінде ұйықтап, оған өз қызы іспетті болды. Бір күні байға бір жолаушы қонақ келе қалды. Бірақ бай оған арнап союға өз малын аяп, кедейдің әлгі тоқтысын тартып алып, содан қонағына тамақ пісіріп берді! Дәуіт сол байға қатты ашуланып, Натан пайғамбарға:— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: мұны істеген адам өлімге лайық! Кедейге мейірімсіз болып, осыны істегені үшін ол тоқтының орнын төрт есе етіп толтыруға да міндетті! — деп шешті. Сонда Натан Дәуітке былай деді:— Сол адам өзіңізсіз! Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындап, Саулдың қолынан құтқарып келдім.
Выбор основного перевода