Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
Параллельные места
Лут қиыла өтініп қоймаған соң, екеуі оған еріп, үйіне келді. Тамақ дайындалып, ашытқысыз қамырдан нан пісіріліп, хабаршылар тамақтанды. Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан арнап бөлек қойсын. Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек. Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын. Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын. Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын. Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек. Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар. Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет. Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер! Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы. Сол түні Мен Мысыр елін аралап, ондағы адамның да, малдың да тұңғыштарын құртып, Мысырдың барлық тәңірсымақтарын әшкерелеп соттаймын. Себебі Мен Жаратқан Иемін! Жағылған қан сендердің отырған үйлеріңді көрсететін белгі болады. Сонда қанды көріп, соқпай өтіп кетемін. Мен Мысыр елін қырғынға ұшыратып жатқан кезде сендер бұл күйретіп жатқан соққыдан түгелдей аман қаласыңдар. Осы күн естеріңде қалсын. Бүкіл үрім-бұтақтарыңмен оны Жаратқан Иеге арнап мейрамдаңдар. Бұл мереке туралы ережені ұрпақтарың мәңгі берік сақтасын. Жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Алғашқы күні-ақ үйлеріңнен ашытқы атаулыны шығарып тастаңдар. Осы апта ішінде ашытқымен дайындалған тамақ ішкен әркім Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс. Бірінші және жетінші күндері Маған бағышталған жиналыстарың болсын. Сол екі күнде ешқандай жұмыс істемеңдер, тек жейтін тамақтарыңды дайындауларыңа ғана болады. Осылай «Ашымаған нан мейрамын» берік сақтаңдар! Бұл күні Менің сендерді Мысырдан лек-лектеріңмен алып шыққанымды жыл сайын еске алып отырыңдар. Келешек ұрпақтарың да бұл ережені мәңгі берік ұстансын. Бірінші айдың он төртінші күнінің кешінен бастап, жиырма бірінші күнінің кешіне дейін ашымаған нан жеңдер. Сол жеті күн бойы үйлеріңде ашытқы болмасын. Кімде-кім, мейлі елде туған исраилдік, мейлі жат жұрттық адам болсын, осы аралықта ашытқымен дайындалған тамақ ішсе, сол Исраил халқының арасынан аластатылуға тиіс. Қайда тұрып жатсаңдар да, сол күндері ешқандай ашыған тағам жеулеріңе болмайды, нанды ашытқысыз пісіріп жеңдер! Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар.
Выбор основного перевода